Танаптағы тірлікті тәмамдаған, ет пен сүтті тонналап өндірген жерлестеріміз — нағыз еңбек адамдары. Бүгін Петропавлда ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Олар бүгін арқаны кеңге жая алады. Тағы бір жылды аяқтағалы отырмыз. Биыл қамба толды. Көктемнен қара күзге дейін аянбай тер төккен солтүстікқазақстандықтар рекордтық көлемде өнім жиып, теріскейдің абыройын тағы бір асқақтатты. Мұндай майталмандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

«Бұл мереке тынымсыз еңбектің қорытындысын шығаратын уақыт қана емес, сіздердің адал еңбектеріңіз бен туған жерге дейін сүйіспеншіліктеріңіз үшін шынайы алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі. Мемлекет тарапынан салаға зор қолдау көрсетілді. Биыл СҚО — ауыл шаруашылығындағы көшбасшы өңір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мол көлемде өнім алдық. Сіздерге алғысым шексіз!», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өненркәсібі — қажымас қайратты талап ететін сала. Бұл салада жетістік бірден келмейді. Басыңды тәуекелге тігуің қажет. Еңбек қатар жүруі керек. Сонда ғана биік белес бағынып, төбең көкке жетеді.
Салтанатты шара барысында елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін 3 азамат Президенттен жолданған «Құрмет» орденін алды. Бүгін сахнаға беттеген 60 тарта адамның бойын қуаныш пен қобалжу биледі. Оларға түрлі дәрежегі марапат табысталды.
Бірі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін кеудеге тақса, екіншісі облыс әкімінің Құрмет грамотасын марқая қолда қысты. Бұл — көпжылдық еңбектің тырнақтай болса да жемісі және жеңісі.

«Серіктестікте 84 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол уақыт ішінде трактор тізгінінен түскен емеспін. Қыста қар тоқтатамыз, көктемде егін егеміз, күзде дән орамыз. Бұл жолды таңдағыма еш өкінбеймін. Қолымнан әл кеткенше еңбек еткім келеді», — деді Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Қызылжар МТС Агро» ЖШС механизаторы Әбілхан Айтулин.
Салтанатты шара концертпен жалғасын тапты. Ортаға шыққан жергілікті және қонақ өнерпаздар сахнаны думан алаңына айналдырды. Әсіресе, Казақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның ән салуы мереке иелеріне нағыз тарту болды.
Тағы оқыңыз: Аққайың ауданында кәсіпкер жабылуға шақ қалған ауылды қайта жандандыруда

