СҚО-да ауыл кәсіпкері тұрғындарға арнап баспана тұрғызуда
Ғ.Мүсірепов ауданындағы Целинное ауылында серіктестіктің жұмысшылары мен қоныс аударушыларға деп баспаналар салынуда. Әр үйді кәсіпкер өз қаржысына тұрғызған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Целинное-2004» серіктестігінің басшысы Серік Ибраев қазіргі таңда өз жұмысшылары мен ауылға көшіп келемін деген жандарға арнап сегіз пәтерлі баспана салуда. Әр үйдің ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта кету керек, кәсіпкер әр баспананы өз қаражатына салуда. Бұған дейін де елді мекенге көшіп келген жандарды тұрғынжаймен қамтыпты.
СҚО-да ауыл кәсіпкері тұрғындарға арнап баспана тұрғызуда
«Ауылға жас мамандар мен еңбеккерлер көптеп келсе екен деймін. Оларға бар жағдайды жасаймыз. Елді мекеннің дамуына пайдасын тигізсе болды», — деді Серік Кенжетайұлы.
Кәсіпкер баспаналарды тұрғызу үшін 50 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Құрылыс жұмыстары бір аптаның ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр.