СҚО-да әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда ішіп алып рөлге отырған Ғ. Мүсірепов ауданы Возвышен ауылдық округінің әкімі Қанат Тоқпановтың ісі қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға мамырдың 2-сі күні тапа-тал түсте болған. Қызметтік көлігімен «Екатеринбург-Алматы» тасжолының бойында кетіп бара жатқан Қанат Тоқпановты патрульдік полиция қызметі тоқтатқан. Шенеуніктен ішімдік иісін сезген олар ауыл әкімін медициналық куәландыруға жіберген.
«Медициналық куәландыру жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаюды көрсетті. Осылайша, жұмыс уақытында ішімдік ішкен Қанат Тоқпанов ҚР заңдарымен белгіленген міндеттерді сақтамаған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет туралы заңды және әдеп кодексін бұзған. Мемлекеттік қызметшілердің атына кір келтірді. Оның үстіне шенеуніктің бұл әрекеті қоғамға қауіп төндірді», — деді мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.
Шенеунік осы әрекеті үшін 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылған.
Кеңеске қатысқан Қанат Тоқпанов өзінің кінәсін мойындап отыр. 54 жастағы ауыл әкімі бір бөтелке сыра ішкен.
«Сол күні таңертең көшеттерді алып кету үшін орманға бардым. Оларды мектеп түлектері егуі тиіс еді. Алдын ала орман шаруашылығының мамандарымен келісіп қойғанмын. Дайын көшеттер болмаған соң біраз күтуге тура келді. Күн ыстық болған соң шөлдедім. Сосын қасымдағылар сыра ұсынды. Сусынымды қандыру үшін ішіп алдым. Кейін жұмысымды бітіріп жолға шықтым», — деп түсіндірді өз әрекетін Возвышен ауылдық округінің әкімі Қанат Тоқпанов.
Әдеп жөніндегі кеңес ауыл әкімін жұмыстан шығаруды ұсынды.
Айта кетейік, Қанат Тоқпанов аталған ауылдық округтің әкімі болып екі жыл бұрын тағайындалған.
Осыған дейін Qazaqstan Media редакциясы Тайынша ауданы Чкалов ауылдық округінің әкімі мас күйде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынғандығын жазған болатын. Бірақ әзірге оған қатысты істі әдеп жөніндегі кеңес қарастыра алмай отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ҚР мемлекеттік рәміздер күніне орай жеңіл атлетикалық жүгіріс өтті