Бүгін – 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы дата 2013 жылдан бері тойланып келеді. Кәсіби мерекелерінде 40-тан астам сала қызметкері марапатталды. 10 адамға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
СҚО-да, жалпы елімізде мәдениет саласына жақсы көңіл бөлініп келеді. Соңғы екі жылда сала қызметкерлерінің жалақысы 45 пайызға өскен. Биыл Петропавлдағы облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтсе, Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әбебап кітапхананың құрылғанына 90 жыл толады. Кәсіби мерекелеріне орай бүгін өнер және мәдениет саласы қызметкерлерін өңір жетекшісінің атынан облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев құттықтады.
«Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері, ардагерлері сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Халық арасында мәдени құндылықтарымызды насихаттап, дамытып жүрген жандар өздеріңізсіздер. Елімізде мәдениет саласын дамытуға көп көңіл бөлінген. Президенттің тапсырмасымен, барлық өңірде шығармашылық индустрия орталықтары ашылмақ. Біздің облыста да бұл орталықта тек талантты да шығармашыл жастар, өнер иелері бас қосады деп ойлаймыз. Әрқашан еңбектеріңіз еленіп, өңірімізде талантты жастар көбейе берсін», — деді облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев.
Іс-шара барысында 43 өнер және мәдениет саласы қызметкерінің еңбегі еленді. Солардың бірі Иван Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының директоры – Гүлназия Бикенева. Ол облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
«Барлық әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын. Мен мәдениет саласында көп жылдан бері еңбек етемін. И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасын басқарып отырғаныма алты жылдан астам уақыт өтті. Бүгін еңбегім еленіп жатқанына өте қуаныштымын», — деді Гүлназия Бикенева.
Бұл күні ардагерлердің еңбегі де ұмыт болмады. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мұражайының меңгерушісі Людмила Лошакова «Еңбек ардагері» медальімен марапатталды. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі 52 жыл екен.
«Мен 2002-2011 жылдар аралығында театрдың директоры, кейін әдебиет бөлімінің меңгерушісі болдым. Содан соң театрда мұражай аштым. Н. Погодин театры еліміздегі ең көне өнер ошақтарының бірі. Осындай тарихи мекемеде жұмыс істейтініме өте қуаныштымын. Қазір мәдениет, өнер саласы қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Олардың алдында тек еліміздің өнерін дамыту міндеті тұр», — деді Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры мұражайының меңгерушісі Людмила Лошакова.
Тағы оқыңыз:СҚО-ның көліктік бақылау инспекциясына жаңа басшы келді