СҚО-да өнерлі ұстаздардың салған суреттерінен көрме ұйымдастырылды
Петропавлдағы облыстық кітапханада Ұстаздар күніне орай суретші мұғалімдер салған туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебінің талантты педагогтарының шығармалары ұсынылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Көрмеде акварель, майлы бояу, графика және қолданбалы өнер туындыларының түр-түрі ортаға қойылды. Көптің ішінен Айжан Даированың еңбегі ерекше көзге түседі. Ол күнделікті қолданыстағы заттарды үйлестіре отырып көз тартарлық дүниелер жасаған.
СҚО-да өнерлі ұстаздардың салған суреттерінен көрме ұйымдастырылды
«Мен көрмеге қолдан жасалған тақия, қамзол әкелдім. Бұл туындыларымды кәдімгі матаға жібек пен қой жүнін жабыстыра отырып жасадым. Бірнеше түс қолдандым. Мен әр туындыны әртүрлі бояумен салғанды ұнатамын. Себебі, бұл адамға ерекше сезім сыйлайды», — деді педагог-суретші Айжан Даирова.
Көрмені ұйымдастырудағы мақсат — ұстаздардың тек шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ғана емес, шығармашылық қабілетін паш ету. Әр еңбектің астында терең мән-мағына жатыр.
Шарада 10-нан астам оқытушының 30-ға жуық туындысы ортаға қойылды. Көрме кітапханада бір ай көлемінде жұмыс істейтін болады.