Қаңтар-шілде айларында СҚО-ға 211 млрд теңге инвестиция тартылды. Құрылыста 102 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді, өсім 6,3% құрады. Бірақ өңірде әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға баспана алу мәселесі тым баяу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдікте өкен жиында айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Экономика басқармасының мәліметінше, биыл облыста әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға 382 пәтер алуға бюджеттен 5,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Бірақ, қазір тек 11 баспана сатып алыныпты.Бұл жұмыс тек Жамбыл, Есіл мен Тайынша аудандарында жүзеге асырылған. Жоспарды Петропавл мен Аққайың аудандары орындамаған. Мәселен, облыс орталығында 219 баспана сатып алуынуы тиіс болған.
«Біз осы айда жоспар бойынша 93 пәтер сатып алуымыз керек еді. Бірақ, баспанаға қатысты конкурс екі рет өтпей қалды. Енді тағы үшінші рет кеңес өткізіп, осы айда 21 баспана алатын боламыз. Ал қалғандарын келесі айға жоспарлайтын боламыз», — деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Облыс әкімі аталған екі әкімге жұмысты тездетуді тапсырды.
«Барлық мәселе шешілсін. Сіздерде осыншама уақыт болды. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Айдың басталғанына 20 күн өтті.Қажетті қаражат бөлініп отыр. Не істеп жүрсіздер? Бұл қаражат туралы сіздер жылдың басында білдіңіздер. Біз әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуіміз керек. Шілде айында да жоспар орындалмады. Осы айда тағы орындалған жоқ. Мәселе тез арада шешілсін», — деді облыс әкімі.
Тағы оқыңыз:СҚО-да ауыл тұрғының үйіне қарақшылық тонау жасағандар ұсталды