СҚО Ғ. Мүсірепов ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2010 жылдан бері кезекте тұрған 43 жетім баланы үй кезегінен негізсіз алып тастаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі
Заң бұзушылықты облыстық прокуратура тексеру барысында анықтаған. Сонымен қатар Ақжар ауданы мен Петропавл қаласының қорғаншылық органдары үш ай бойы алты жетім баланы тұрғын үй кезегіне қоймағанын анықтаған.
«Тексеру барысында Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғ. Мүсірепов, Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласының қамқоршылары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 126-бабын бұза отырып, жүйелі негізде қамқорлығындағылардың тәрбиесі мен олардың жағдайлары туралы есеп бермеген. Және Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алимент өндірмегені де анықталды», — делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.
Қадағалау органының актілері бойынша 8 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің 2 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта заң бұзушылықтар жойылған.
Тағы оқыңыз:Баспана барлық талаптарға сай салынып жатыр – техникалық қадағалаушы