СҚО-да «Қазақстанның Еңбек ері» Мұрат Қаражұмановқа құрмет көрсетілді
Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Облыстық әкімдікте «Қазақстанның Еңбек ері» Мұрат Қаражұмановқа құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Еске сала кетейік, Республика күні қарсаңында Мұрат Қаражұманов Ақордада құттықтау қабылдады. Өндірістегі зор жетістіктері мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін оған ең жоғары мемлекеттік марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз белгісі және «Отан» ордені табыс етілді. Бұл облысымыз үшін елеулі оқиғаның бірі болды.
«45 жыл бір салада, бір кәсіпорында еңбек ету оңай емес. Бұл нағыз табандылық пен шыдамдылықтың белгісі. Облысымыздың азаматтары ең жоғары деген атақты алып жатқанына қуаныштымын. Мұрат Қаражұмановтай азаматтарымыз көп болсын», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Алқалы жиында құттықтау ғана қабылданған жоқ. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының өткені мен бүгіні жайлы сөз болды. Биыл диқандарымыз рекордты көлемде өнім алды. Бұған Мұрат Қаражұмановтай жандардың қосқан үлесі зор.
СҚО-да «Қазақстанның Еңбек ері» Мұрат Қаражұмановқа құрмет көрсетілді
«Талай жылғы еңбегім еленіп, ең жоғары деген атақты алдым. Бірақ, бұл марапатты алу менің үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Көрсетіліп жатқан қолдау үшін мемлекетке алғысым шексіз. Қолымнан әл кеткенше ел үшін қызмет етемін», — деді «Қазақстанның Еңбек ері» Мұрат Қаражұманов.
«Қазақстанның Еңбек ері» атағы екінің біріне беріле бермейді. Бұл бәсі биік марапатты саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандар ғана алады. Осындай азаматтар біздің өңірімізден шыққаны көңіл қуантады. Айта кету керек, былтыр бұл атақ көпшілікке жақсы таныс Геннадий Зенченкоға табысталған болатын.