СҚО-да «Қауіпсіз ел» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 12 әскери қалашық қараша айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда оның біреуі де уақытылы тапсырылған жоқ. Ал олардың құрылысына республикалық бюджеттен 34 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Хабар телеарнасына сілтеме жасап.
Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аймақтарында 12 бірдей бекет салына бастады. Солардың бірі — Долматово ауылының маңында орналасқан. Жоба бойынша бұл жерде шағын әскери қалашық бой көтеруі тиіс еді. Бірақ құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Қазір мұнда 15 адам жұмыс істеп жатыр.
«Жаңбыр жауса бұл жерден техника өте алмайды. Жұмысшыларға да ауыр. Батпақтан жүре де алмайсың, не материалды ішке кіргізе алмайсың», — дейді құрылыс участкесінің бастығы Мәди Баймағамбетов.
12 әскери қалашықтың бірде-біреуі уақытында тапсырылмады. Ал «Аралағаш» және «Қызылту» бекеттерінде жұмыс мүлдем тоқтап тұр. Олар келесі жылы бірақ аяқталуы мүмкін.
«Соңғы мерзім 2024 жылдың екінші тоқсаны. Жалпы құрылыстың созылуына не себеп болғанын мен айта алмаймын. Өйткені біздің жобада министрдің өздерінің кейбір жоспарлары болған шығар. Сондықтан біз енді одан ақпарат біле алмаймыз, айта алмаймыз», — дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметі СҚО бойынша департаментінің басқарма бастығы Сәкен Ормантаев.
Осылайша құрылыс мерзімі кейінге шегерілді. Ал оған дейін елдің шетінде, желдің өтінде жүрген шекарашыларға бәз-баяғыша қызмет етуге тура келеді. Олар ауыл–ауылдарда біреудің үйін жалдап тұрады.
Тағы оқыңыз:Тариф көтерілгенімен жағдай өзгермей тұр: Петропавлдықтардың қоқыс шығаратын компанияларға көңілі толмайды