Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі еліміздің көк туын әлемдік спорт аренасында талай мәрте көкке көтерген жерлес параатлет Ербол Хамитовқа баспана алуға көмектесетін болды. Мұндай уәдені облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау барысында айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Ербол Хамитов – өңір мақтанышы ғана емес, халықаралық аренада ел атын асқақтатқан спортшы. Ол парабиатлоннан Әлем кубогының қорытындысы бойынша Үлкен хрусталь глобусты жеңіп алған алғашқы қазақстандық. Сонымен қатар парашаңғы жарысынан әлем чемпионы.
Параатлет әкім Ғауез Нұрмұхамбетовтің қабылдауына пәтер мәселесі бойынша келген. Бұған дейін де спортшы бұл өтінішін жеткізген еді. Сол кезде әкімдік пәтер құнының жартысын төлеуге дайын екенін хабарлаған.
«Марат Тасмағанбетов және Мухамедиевпен келіңдер. Біз уәде бергенбіз. 25 млн теңгенің жартысын біз төлейміз. Бір аптадан кейін келіңдер. Жыл соңына дейін өз үлесімізді жабамыз», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Ербол Хамитов биыл Италияда өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарында да ел намысын қорғайтын болады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда үй жағдайында екпе алған әйелдің жамбасы іріңдеп кетті

