Солтүстікке мемлекеттік бағдарлама арқылы оңтүстік өңірден көшіп келген отбасы мемлекетке қарыз болып қалды. Олар мемлекеттен берілетін барлық әлеуметтік көмекті алғаннан кейін, көшіп кеткен. Осыған байланысты Ақжар аудандық мансап орталығы сотқа арызданып, нәтижесінде отбасы мемлекетке 5 млн 207 000 теңге қайтаруы керек, деп жазады Qazaqstan Media.
Оңтүстіктен Ақжар ауданына қоныс аударған отбасына алдымен мемлекеттік бағдаралама аясында 1 207 500 теңге беріледі. Бұл әр отбасы мүшесіне берілетін қаражат. Кейін экономикалық ұтқырлық сертификатын алу туралы өтінішіне байланысты тағы 4 000 000 теңге төленді. Осылайша, отбасы мемлекеттен 5 млн теңгеден артық ақша алып, кейін ауданнан көшіп кеткен.
Ал әлеуметтік келісімшарт бойынша, бағдарламаға қатысушы отбасымен бірге қоныс аудару орнынан көшсе, субсидия 60 ай ішінде республикалық бюджетке қайтарылуы тиіс. Алайда бұл талап орындалмаған.
Сондықтан аудандық мансап орталығы алдымен жауапкерге ақшаны өз еркімен қайтару туралы хабарлама жолдайды. Бірақ, нәтиже болмапты.
«Талапкер жауапкерден республикалық бюджет есебіне 5 207 500 теңге қаражатты өндіруді сұрап, талап арызбен жүгінген. Істі сот талқылауына дайындау барысында тараптар татуласуға келіп, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш білдірді. Сот ұйғарымымен бітімгершілік келісім бекітілді, оның талаптары бойынша жауапкер үш ай ішінде тең үлестермен 5 207 500 теңге сомасында қаражатты республикалық бюджетке қайтаруға міндеттенеді», — деп хабарлайды Ақжар аудандық соты.
Талапкер талап арыздан бас тартқан. Іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ер адам мангал жағамын деп күйіп қалды