Солтүстікқазақстындық ұстаздар «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсынан жүлделі оралды. Ал бүгін олар әріптестеріне байқаудың қалай өткендігін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының қалалық, облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, республикалық этапқа қатысып, жүлдемен оралғандардың бірі – Кәмшат Әбішева. С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі екінші орынға ие болған. Ол «Балалардың қазақ ертегілеріне деген қызығушылығын арттыру жолдары» деген тақырыпты алып, сәтті қорғап шыққан. Қазір технологиялар заманы болғандықтан балалар кітап оқудан гөрі телефонға телміріп, түрлі ойындар ойнағанды құп көреді. Сондықтан білікті ұстаз балғындардың кітапқа, әсіресе ертегілерге деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен. Осылайша, түрлі зерттеулер жүргізіп, оқушылар арасында сауалнама жүргізген.
«Менің жұмысым екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, «Қазақ ертегілерінің бірегей жиыны» платформасы. Ал екіншісі, «Ертегілер әлемі» ойыны. Яғни, ойын арқылы балалардың қазақ ертегісіне деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Мен алғашқы бетте сауалнама жүргізген кезде балалар көп ертегілердің кейіпкерлерін танымайтын. Ал қазір жағдай өзгерген. Балалар көп кейіпкерлерді таниды. Ертегілерді айтып бере алады. Осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, тәжірибемді одан әрі дамытқым келеді», — дейді Кәмшат Әбішева.
Білікті ұстаз келешекте байқауға қатысатын әріптестеріне дайындықты ерте бастауға кеңес берді. Сондай-ақ қолданатын әдебиеттер тізімін жақсылап зерттеп, қазылар алқасының назарына тың идеялар ұсыну керектігін айтты.
Жалпы, Алматыда өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының республикалық кезеңіне солтүстікқазақстандық 11 педагог қатысқан. Солардың 5-уі жүлделі орындардан көрінген. Тағы 2 ұстаз арнайы грамотаға ие болды.
«Байқаудың республикалық кезеңіне еліміздің түпкір-түпкірінен барған 227 педагог қатысты. Солардың арасында біздің ұстаздарымыздың жақсы нәтижелерге қол жеткізгені, әрине қуантады. Жүлдегерлер қатарынан көрінгендердің арасында ауылдық жерлерде білім беретін мұғалімдердің бары да қуантады. Яғни, олар қалалық мектептер мен түрлі инновациялық білім ордаларымен бәсекелесе алады», — дейді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Анар Қосымбаева.
Алдағы уақытта «Қызылжар дарыны» орталығы тағы үш байқау өткізбекші. Жеңімпаз атанған ұстаздар конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алады.
Айта кету керек, 2024 жылдың соңында солтүстікқазақстандық алты ұстаз «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауынан жүлдемен оралған болатын.
Тағы оқыңыз: Отбасынан айырылған жасөспірімге көмек көрсетіледі – СҚО әкімі