Петропавл қаласының орталық алаңында Республика күніне орай мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді. Маңызды іс-шараға облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен әскерилер қатысты, деп хабарлайды QM.
Республика күні — ел үшін саяси да, рухани тұрғыдан аса маңызға ие мереке. Бұл күн — елдігімізді айқындап, мемлекеттігімізді нақтылаған тарихи сәт. Дәл осыдан 35 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін қалаған маңызды құжат — Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған еді.

«Республика күні- елдік пен егемендігіміздің айғағы. Әлихан Бөкейхан:«ұлтқа қызмету білімнен емес, мінезден»,деген болатын. Қазіргі кезде елге қызмет етіп жүрген әр азамат бүгінгі күннің маңызын түсініп, болашағымыз үшін жауапкершілік арқалап келеді»,- дейді «Қоғамдық келісім» КММ төрағасы Кемел Оспанов.
Облыс орталығындағы орталық алаңда мемлекеттік ту биікке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды. Жиналған жұрт мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.
«Республика күні – мен үшін ерекше тарихи мереке. Рухани маңызға ие, патриоттық сезімді оятатын күн. Бұл – тәуелсіз еліміздің болашағын айқындайтын, бірлік пен бейбіт өмірдің айнасы. Баршамызға тек бейбіт күн тілеймін», — дейді №17 ұлттық өркендеу орта мектебінің директоры Ләззат Жалмұқанова.
Сондай-ақ тұрғындар бұл күнді елдің бірлігі мен тұтастығының символы деп біледі.
«Республика күні – халқымыздың ынтымағы мен татулығының арқасында сақталып келеді. Көгімізде күн күліп, қыран құстай қалықтаған тәуелсіздігіміз баянды болсын!» — дейді қала тұрғындары.
Шынында да, Қазақстанды өз Отаным деп білетін әр азамат үшін бейбіт күн мен тұрақтылықтың қадірі ерекше. Республика күні – ел рухын асқақтатар, егемендіктің мәнін ұғындырар мереке.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы жәрмеңкеде Уәлиханов ауданы табиғи өнімдерімен қуантты

