Солтүстік Қазақстан облысында үш күн бойы полиция қызметкерлері «Жалған нөмір» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында өңір жолдарында мемлекеттік тіркеу нөмірі оқылмайтын 105 автокөлік анықталды. Сонымен қатар, машиналарына жалған нөмір таққан өзге ел азаматтары да ұсталды, деп жазады Qazaqstan Media.
Жолда мемлекеттік нөмірі жоқ немесе заңға қайшы тіркелген нөмірі бар 28 автокөлік анықталды. Аталған құқық бұзушылықтардың бірі Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғынына қатысты тіркелді. Ол айналма жолда квадроциклді басқару кезінде тоқтатылған. Көлік құралы тіркеуде болмаған. Заңнамаға сәйкес, бұл үшін жауапкершілік көзделген. Төрт жүргізуші темір тұлпардарына жалған мемлекеттік нөмір т ағып, жолға шыққан. Олар бес тәулікке қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Олардың екеуі — Ресей Федерациясының Түмен облысының тұрғындары. Олар Жезқазған — Петропавл автожолында тоқтатылған. 27 жастағысы Land Rover автокөлігін, ал 33 жастағысы Mercedes Benz көлігін басқарған.
«Жалған мемлекеттік нөмірлерді анықтау «Қорғау» зияткерлік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы полицияның бейнебақылау жүйелері 15 500-ден астам автокөлікті анықтауға мүмкіндік берді. Олардың ішінде шамамен 12 мың борышкер, көлік басқару құқығынан айырылған 9 жүргізуші және жалған нөмірі бар 4 автокөлік бар»,- деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар үш күн ішінде 155 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданғаны үшін, 202 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алты жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауа температурасы 38 градусқа дейін төмендейді

