Бүгіндері Qyzyljar футбол клубында 25 ойыншы болса, солардың 10-ы легионер. Алдағы уақытта олардың санын қысқарту жоспарда бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биылғы маусымды Qyzyljar футбол клубы сәтсіз аяқтады. Олар 13 команданың ішінде небәрі 9-шы орынға тұрақтаған. Ал жақында құрама тағы бір жанжалдың ортасында қалды. Футбол клубының бұрынғы басшылығы ақша жымқырып, қазір оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Брифинг барысында журналистер осы мәселеге қатысты өңір жетекшісінің пікірін білді.
«Бұл жағдайға қатысты әзірге ештеңе айта алмаймын. Тергеу қорытындысын күтеміз. Кейін футболшылармен және басшылықпен кездесіп, сөйлесетін боламыз. Жалпы, футбол клубына бюджеттен екі млрд теңге бөлінді. Оның 1,2 млрд теңгесі клубқа бағытталса, қалғаны, яғни 800 млн теңге футбол орталығы мен «Жастар» балалар футболына арналған. Бұдан басқа футбол клубында қаржыландыру көзі жоқ. Меценаттар тарапынан да қолдау көрсетілмейді. Сондықтан оларға бюджеттен қаржы бөлінеді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бүгіндері Qyzyljar футбол клубында 25 ойыншы бар. Олардың 10-ы шетелден келген спортшылар. Облыс әкімі алдағы уақытта легионерлер санын қысқарту жоспарда бар екенін айтты.
«Әрине легионерлер санын бір жылда азайта алмаймыз. Дегенмен, бұл мәселені біртіндеп шешетін боламыз. Олардың санын қысқарту жоспарда бар. Бұл ойыншылар және футбол клубының басшылығымен кездесу барысында шешілетін мәселе», — деп толықтырды облыс әкімі.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі жаңа тұрғызылған бөгеттердің сапасы туралы айтты