Биыл Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл 17 ақпанда басталып, От жылқы жылы келді. Чуньцзе – Қытайдағы ең маңызды дәстүрлі мерекелердің бірі. Бұл күндері миллиондаған адам туған-туыспен қауышу үшін сапарға шығып, елде маусымдық жаппай көші-қон күшейеді, өндіріс орындарының бір бөлігі уақытша жұмысын қысқартады. Қытайда ресми мерекелік демалыс күндері 15–23 ақпан аралығына белгіленген, деп жазады Qazaqstan Media.
Мерекелік дәстүрлер қатарында қызыл түсті әшекейлер ілу, шамдар фестивалі, арыстан және айдаһар биі, символикалық тағамдар әзірлеу, сондай-ақ «хонбао» – сәттілік тілеп, қызыл конвертпен ақша сыйлау сияқты ғұрыптар бар.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Чуньцзе мерекесіне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Құттықтауда Қазақстан мен Қытай арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделіп, жаңа қарқынмен дамып келе жатқаны айтылған.
«Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Осы игі іске Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын», деп жазылған жеделхатта.
Тағы оқыңыз: Айгүл Нұрпейісова: «Болашағын ойлайтын ел білімге көп көңіл бөледі»

