Қозыбаев университетінде тоғызқұмалақтан сайыс өтті
Наурызнама онкүндігі аясында өңірде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар легі жалғасуда. Соның бірі Қозыбаев университетінде өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қозыбаев университетінде ұлттық спорт күніне арналған тоғызқұмалақтан зияткерлік жарыс өтті. Бұл дода жастардың ой-өрісін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілетін шыңдауға бағытталған.
Қозыбаев университетінде тоғызқұмалақтан сайыс өтті
«Бұл жерде Наурыз мейрамына орай мәдени мұрамызды дәріптеу маңызды. Сонымен қатар, жастардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырып, олардың ойындарды тереңірек танып-білуіне ықпал еткіміз келеді. Өйткені, тоғызқұмалақ — жай ғана ойын емес, ол біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан, қатысушылар ойын ережесімен танысып, өздері ойнап көріп, шағын турнирге қатысып жатыр», — деді СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Гүлбақыт Байбосынова.
Жарыс қатысушыларының бірі — Саида Елубаева. Ол тоғызқұмалақтан біршама жетістіктерге жеткен жас спортшы. Бойжеткен осы уақытқа дейін облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған.
Қозыбаев университетінде тоғызқұмалақтан сайыс өтті
«Мен тоғызқұмалақ ойынымен 10 жасымнан бері айналысамын. Осы уақытқа дейін түрлі жарыстарға қатысып келемін. Облыстық деңгейдегі жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, республикалық жарыстарға да қатысқанмын. Жалпы, мен үшін тоғызқұмалақ — тек хобби ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлауды дамытып, басқа да қабілеттерді жетілдіруге көмектесетін ерекше ойын», — деді бойжеткен.