Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Аталмыш форумда Президент Жаңа Конституция жобасы туралы пікірін білдірді. Айтуынша, Жаңа Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды бұрынғыдан да күшейтпек, деп жазады Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа Ата заң жобасында адамның өмірге келген сәтінен бастап, білім алуы, отбасы құруы, сондай-ақ кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндетіне дейінгі маңызды құқықтар мен жауапкершіліктер толық қамтылған.
Президент жаңа Конституция жобасын азаматтармен адами қарым-қатынас орнатудың жарқын көрінісі деп атады. Оның айтуынша, бұған дейін әлеуметтік қиял болып көрінген кейбір нормалар енді Негізгі заң деңгейінде бекітілмек.
«Қазіргі Конституцияда азаматтың мемлекетке келтіретін зияны жөнінде жазылған, ал жаңа Ата заң жобасында адамға зиян келтіргені үшін мемлекетке жүктелетін жауапкершілік туралы норма пайда болды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы енді әр азамат мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті салдарынан келген шығынды мемлекеттен өтетіп алуға құқылы болатынын атап өтті.
Сондай-ақ Президент заң мен тәртіп үстемдігіне мемлекеттік идеология ретінде басымдық берілгенін ерекше айтты. Оның пікірінше, бұл қағидат ұлттық санаға сіңбейінше, қазақ мемлекеттігін нығайту туралы айту қиын.
«Мемлекет Конституциясы адам конституциясын бұзбайтындай болуға тиіс» деген ұлағатты сөз жаңа Конституцияның басты мәнін айқын көрсетеді. Яғни, жаңа құжат ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы спорт клубтарында қанша солтүстікқазақстандық спортшы бар?


