Жаңа Салық кодексінің айналасында қызу пікірталас тууы – қоғамның тағдырына бейжай қарамайтынын көрсететін заңды құбылыс. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта атап өткендей, бұл мәселеде орынсыз үрей мен дүрбелеңге жол жоқ. Себебі сөз кезекті «фискалдық науқан» туралы емес, салық жүйесін түбегейлі қайта құру жайында болып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы бұл реформаның басты мақсаты – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету екенін айқын айтты. Яғни, салық саясаты бюджетке қаржы жинаудың ғана құралы емес, ел дамуының ұзақмерзімді тетігіне айналуы тиіс. Осыған байланысты Үкіметке түсінікті, ашық әрі әділетті Салық кодексін әзірлеу тапсырылған. Оның нақты нәтижесін биыл көру жоспарланып отыр.
«Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді.
Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.
Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім»,-деді Президент.
Жаңа Салық кодексінің басты ерекшелігі – бақылау мен қысымға емес, өзара сенім мен серіктестікке негізделуі. Мемлекет, бизнес және азаматтар бір-бірін толықтырып, өз міндетін адал атқарған жағдайда салық төлеу ауыр жүк ретінде қабылданбайды. Президенттің айтуынша, салық төлеу – заманауи қоғамдық келісімшарт.
«Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық»,-деді сұхбатта Мемлекет басшысы.
Тағы оқыңыз: Мәжіліс депутаттары ауылдарды аралап жүр

