ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Үлкен жиында Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев сөз сөйледі. Ол жоғары оқу орнының негізгі бағыттары мен халықаралық серіктестік нәтижелерін таныстырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысқан жиында өңірдегі жалғыз ЖОО жұмысы жайлы кеңінен айтылды. Аризона университетімен бірлескен жобалардың нәтижелері ұсынылды. 2022 жылы Мемлекет басшысы бастаған жоғары білімді интернационалдандыру саясатының тиімділігі бүгінде дәлелденіп отыр. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі университеттермен бірлескен бағдарламалар сәтті іске асуда. Солардың бірі – Қозыбаев университеті мен The University of Arizona арасындағы серіктестік.
Бүгінде бұл бағдарламаларда Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ АҚШ, Қытай және Ресейден 1200-ден астам студент білім алуда. Алғашқы 133 түлек 2026 жылы оқуын тәмамдайды, олардың 31-і қос диплом иегері атанады.

«Университет ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуда. Аризона университетінің профессоры Джеффри Пьюн басқаратын топ Қазақстанда алғашқы күкірт полимерлеу зертханасын іске қосты. Жоба қайта өңделген күкірт негізінде экологиялық таза пластмасса, тыңайтқыш және полимер өнімдерін өндіруге бағытталған»- деп атап өтті Ербол Исақаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның ел үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті:

«Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігінің арқасында күкіртті инновациялық полимерлерге айналдырудың озық технологиясы жасалды. Бұл химия өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді».
Сонымен қатар, университет АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен СҚО-дағы су ресурстарының микробиологиялық құрамын зерттеу жобасын жүзеге асыруда. Мақсат – аймақта су сапасын бақылау және тазарту жөніндегі ғылыми-технологиялық орталық құру.
Тағы бір бағыт – агрогеномика және биоинформатика. Қозыбаев университеті базасында биоинформатика мектебі ашылды. Ғалымдар ДНҚ секвенирлеу және геномдарды құрастыру технологияларын оқытуда. Бұл бастама жаңа ауылшаруашылық дақылдарының төзімді сорттарын әзірлеуге және сирек түрлердің генетикалық қорын сақтауға мүмкіндік береді.
«Аризона университетімен ынтымақтастық – аймақтық университетті ғылым, инновация және тұрақты өсудің орталығына айналдырудың стратегиялық моделі. Үкімет, халықаралық әріптестер мен жергілікті бизнес өкілдерінің күш-жігері нәтижесінде біз Қазақстанның прогрессивті болашағына үлес қосатын заманауи білім экожүйесін құрамыз», – деп түйіндеді университет ректоры.
Тағы оқыңыз: ЖИ министрлігі смартфон алған кезде нені ескеру қажеттігін айтты

