Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында туризм саласының дамуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл бағытта ілгерілеу бар, бірақ шешімін күткен мәселелер де аз емес, деп жазады Qazaqstan Media.
Мемлекет басшысы Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түскенін атап өтті. Дегенмен, алда әлі ұзақ әрі күрделі жол бар.
Президенттің сөзінше, туризм – тек демалыс емес. Бұл экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнестің тоғысқан саласы. Сондықтан мұнда өз ісіне жауапты, кәсіби әрі елге жанашыр мамандар жұмыс істеуі керек.
«Туризм саласында жалқаулыққа, немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ», – деді Президент.
Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетелдік турист келген. Ішкі туризм де қарқынды дами бастады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда, Президенттің айтуынша, табиғи мүмкіндігі мол ел бола тұра, Қазақстан туризм әлеуетін толық пайдалана алмай отыр.
Тоқаев экотуризмге сұраныс жоғары екенін айтып, кейбір өзін «эко-белсенді» деп атайтын адамдардың кез келген жобаға қарсы шығуы саланың дамуына кедергі келтіріп отырғанын сынға алды. Кей жағдайда мұндай әрекеттер бәсекелестердің мүддесіне де қызмет етеді.
Тау шаңғысы туризміне де жеке тоқталды. Президент Шымбұлақ курортының әлеуеті зор екенін, бірақ соңғы жылдары жаңғыртылмай, тозып бара жатқанын айтты. Қазір бұл бағытта жұмыс басталғанымен, әзірге дайындық пен таныстыру кезеңінен аса алмай отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Алматы тау кластерін дамыту қажет екенін атап өтті. Бұл жерде демалыс ауқатты адамдарға ғана емес, орташа табысы бар азаматтарға да қолжетімді болуы тиіс.
Кадр тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатта Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылған. Алғашқы түлектер еңбек нарығына шыққанымен, бұл жеткіліксіз. Президент кадр даярлау шаралары жалғасатынын айтты.
Сонымен бірге, халықаралық БАҚ Қазақстанға қызығушылық таныта бастағанын жеткізді. Мәселен, CNN Travel 2025 жылы Алматы қаласын Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атаған.
Осыған байланысты Президент Алматы әкімдігіне қаланы туристер үшін тартымды, өмір қайнаған мегаполиске айналдыруды тапсырды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары әлі де жалғасуы тиіс.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жол апатынан төрт адам көз жұмды

