Интернет-алаяқтар тағы бір теріскейлікті құрыққа түсіре жаздады. Қулар 68 жастағы зейнеткердің екі млн теңгесін жымқырмақ болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Зейнеткерге белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін медбикемін деп таныстырған. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығының және облыстық ПД қызметкерімін деп тағы қоңырау түскен. Тілдесу кезінде қоңырау шалушы азаматшаның атына несие рәсімделіп жатқанын, оны болдырмау үшін ақшаны «Қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін жеткізген.
«Ақшаны шешкен зейнеткер сауда орталығына келіп, терминал алдында тұрған. Ұялы телефонмен сөйлесіп, операция жүргізіп жатқан жерлесімізді кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары дер кезінде байқап қалады. Полицейлер өздерін таныстырып, алаяқтық болуы мүмкін екендігін ескерткен. Осылай ақшаны аудармауға көндіреді»,- деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Интернет-алаяқтыққа қатысты сандармен бөлісейік. Биылдың өзінде 270-ке жуық жерлесіміз қулардың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 613 млн теңгеден асып жығылады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда қоғамдық көлік пен автомобиль соқтығысып, жаяу жүргінші зардап шекті