Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның аясында есірткі заттары бар 1 мың таблетка, 8 мыңнан астам психотроптық таблетка және 1 мың 300-ден аса ампула тәркіленді, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының хабарлауынша, профилактикалық іс-шара барысында өнеркәсіп саласында 5 құқықбұзушылық әшкереленген. 286 килограмм прекурсордың айналымы шектеліп, бес заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Барлығы 30 кәсіпорын мен 89 көлік құралы тексерілген екен.
«Медицина саласында әкімшілік заңнаманы бұзудың 18 дерегі анықталды. 13 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды. Есірткі заттары бар шамамен 1 мың таблетка, 8 мыңнан астам психотроптық таблетка және 1 мың 300-ден аса ампула тәркіленді. Барлығы 38 медициналық мекеме тексерумен қамтылды»- деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Үмбетов.
Жедел профилактикалық шарасының мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ улы және күшті әсер ететін дәрілік препараттардың заңды айналымын бақылау.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға Маңғыстау облысынан делегация келді