Оқиға кеше яғни, 18 қазан күні сағат 22:30 шамасында болған. 32 жастағы келіншек көпірден Есіл өзеніне құлап кетіпті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«102» пультіне Есіл өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің жанындағы судан әйел адам жағаға шыға алмай жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция батальонының жақын маңдағы экипаждары, ТЖ қызметкерлері мен жедел жәрдем жіберілген. Қала тұрғынына полиция инспекторы Олег Головин көмек көрсетті.
«Әйел адамды табу оңай болған жоқ. Себебі, дала қараңғы болып, оның тек дауысы шығып тұрды. Менің ойымша, ол қараңғыда бағытын жоғалтып, жағадан алыстап кеткен. Жағадағы және көпірдегі қызметкерлер мен тұрғындар мені бағыттап тұрды.Қолымдағы шамның жарығын көрген әйелдің өзі маған қарай келгісі келді. Бірақ, орнынан қозғала алмады.»,- дейді Олег Головкин.
Суық суға өз денсаулығына қауіп төндіріп кірген полиция қызметкері қала тұрғынына көмек көрсетіп, судың жағасына алып шыққан. Зардап шеккен 32 жастағы Петропавл тұрғыны шұғыл түрде медициналық мекемеге жіберілді.