ҚР көлік министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі бұйрығымен теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Құжат 22 сәуірден бастап күшіне енеді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жолаушылар пойызына жол жүру құжатын (билеттерді) сату:
Жолаушылар пойыздарына — пойыз жөнелтілгенге дейін кемінде 45 тәуліктен 10 минутқа дейін (бұрын 45 тәуліктен 1 тәулікке дейін еді). Ұйымдасқан жолаушылар тобына өтініштер бұл тәртіпке кірмейді;
Қала маңы пойыздарына — жөнелтілуге дейін 10 тәуліктен 10 минутқа дейін (бұрын 10 тәуліктен 1 тәулікке дейін еді).
Билеттерді сату жолаушылар пойыздарына жөнелтілуден 45 тәулік бұрын Астана қаласының уақыты бойынша сағат 07:00–ден бастап жүргізіледі.
Сондай-ақ енді пойыз 1 сағаттан артық кешіксе, билеттегі орын берілмеген жағдайда (жолаушы басқа орыннан бас тартқанда), темір жолдың кінәсінен пойыз кешіксе жол жүру құны мен барлық алым толық қайтарылады және қайтару операциясы үшін комиссия ұсталмайды.
Балалармен сапар шегу ережелеріне келер болсақ, 7 жасқа дейінгі бір бала, егер ол жеке орын алмайтын болса тегін қатынай алады. Ал орын қажет болса жеңілдікпен билет сатып алу мүмкіндігі бар. 7 жасқа дейінгі балалар саны бірден көп болса — қалған балаларға жеңілдікпен билет сатып алынады. 7–15 жас аралығындағы балаларға 50% жеңілдік қарастырылған. Ал 15 жастан асқан балалар үшін ересек адамдарға сияқты билет алу қажет.
«Кәмелетке толмаған баланы алып жүретін ересек адам:
заңды өкілі болмаса — нотариалды расталған сенімхат ұсынуы қажет (қағаз немесе цифрлық түрде);
сенімхатсыз бала пойызға отырғызылмайды;
егер заңды өкілі пойызда бірге болса — сенімхат қажет емес.
15 жастан асқан балалар ересек адамның қарауынсыз жүре алады:
нотариалды расталған жазбаша келісімімен, (қағаз немесе цифрлық нұсқада).
Пойыздың жөнелтілуіне 7 тәулік қалғанда билеттер келесі адамдарға ресімделеді:
мүгедектігі бар адам мен мүгедек балаға — мүгедектік мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда;
медициналық ұйымға жедел сапармен бара жатқан адамға — медициналық мекеменің сапардың қажеттілігін растайтын құжатымен;
алып жүруші адамға — жолаушының құжаттарын ұсынған жағдайда», — делінген құжатта.
Жеңілдікпен немесе тегін билет алу үшін — жеңілдік құқығын растайтын құжат ұсынылуы қажет.
Жеңілдіктер мөлшері:
әлеуметтік маңызы бар бағыттарда — жол жүру құнының 50%;
коммерциялық бағыттарда — тасымалдаушының қалауы бойынша.
Барлық мүгедектік топтары мен мүгедек балаларға (18 жасқа дейін);
I, II топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды алып жүретін адамдарға.
Алып жүрушіге билет тек келесі шартпен беріледі:
жеңілдікпен билет тек бір вагонға және бір бағытқа ресімделген кезде;
мүгедек адамға жеңілдікпен билет ресімделгенде бір уақытта ғана;
егер мүгедек адамның билеті қайтарылса, бірге ресімделген жеңілдікпен билет те қайтарылады;
Алайда алып жүрушінің билетін жеке қайтаруға жол беріледі.
«Жаңа норма:
егер мүгедектігі бар жолаушы сапардан бас тартса, алып жүруші адамға отырғызуға рұқсат берілмейді.
Ұйымдасқан жолаушылар топтарына қатысты:
топтан (балалардан) жазбаша өтініш кемінде 45 тәулік және жөнелтілуден 3 тәуліктен кешіктірмей берілуі керек;
қолма-қол емес төлеммен — 6 тәуліктен кешіктірмей;
егер өтініш 6 тәуліктен аз уақыт ішінде берілсе — төлем тек қолма-қол, 1 тәулік ішінде, бірақ 3 тәуліктен кеш емес.
Қала маңы пойыздарында қол жүгін тасымалдау:
(жоғары жайлылықтағы электропойыздардан басқа) жүк ретінде: балалар арбасы, моторсыз бөлшектелген велосипед, өсімдіктер мен көшеттер (биіктігі 180 см-ден аспауы тиіс).
Жүк ретінде тасымалданатын бөлінбейтін заттар:
салмағы 500 кг дейін (газ плитасы, тоңазытқыш, паллет, жабдықтар, қозғалтқыштар, станоктар), жүк ауыстырмай.
Жүк тасымалдау бағасын тасымалдаушы белгілейді», — деп көрсетілген.
Айта кету керек, өзгерістер 22 сәуірден бастап күшіне енеді.
Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан» акциясы аясында қызылжарлықтар ағаш отырғызды