Ақмола гарнизонының әскери соты шекара  қызметінің кіші сержанты Бүркіт Қайыркешовке қатысты үкім шығарды. Ол Астанадан Петропавлға есірткі әкеліп, жасырып, таратқан, деп жазады Qazaqstan Media.

27 жастағы Қайыркешов Астана қаласындағы шекара қызметін де еңбек еткен. Ол «Астана» шекаралық бақылау басқармасы жанындағы күзет және қамтамасыз ету тобының бақылау-техникалық пунктінің бастығы қызметін атқарған. Әскери антқа адал болуға міндетті шекарашы оңай табыс тапықысы келеді. Telegram мессенджері арқылы белгісіз есірткі саудагерімен алдын ала сөз байласқан.

Қылмыстың мән-жайы

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың сегізінші ақпанында Қайыркешов кураторынан алған координаттар бойынша Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Жібек-Жолы ауылына барған. Сол жерде ол қара түсті полиэтилен пакетті тауып  алады. Оның ішінде  454 граммнан астам «клефедрон» атты психотроптық заттың аналогы  салынған үш орама болыпты.

«Қолындағы есірткіні кейін Астана қаласындағы жалдамалы гаражға апарып, электронды таразыда өлшеп, кураторына Telegram арқылы есеп берген. Келесі күні  Қайыркешов сол есірткіні Hyundai Creta автокөлігімен Петропавл қаласына жеткізіп, үш жерге — Космонавтар және Михеев көшелерінің бойында  жасырған. Ол бұл орындардың фотосуреттері мен координаттарын кураторына жолдаған»,- деп жазылған іс материалында.

Бірақ сол күні кешке тағы бір тапсырма алып, Петропавл шетіндегі ауданнан жаңа «жүк» алып шыққан. Пакеттің ішінде α-PVP, мефедрон және гашиш есірткі түрлері бар бес орам болған. Ол заттарды көлік салонында әр жерге жасырып, бір бөлігін Петропавлда «қалдыруға», қалғанын Астанаға жеткізуге тиіс еді.

Алайда түнгі сағат 23:27 шамасында Қайыркешовты Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстаған.

Соттағы жауап және үкім

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Ол әлеуметтік желіде курьер қызметі туралы жарнаманы көріп, қаржылық қиындыққа байланысты келіскенін айтты.

Сот оның шын өкінуін және жас баласының барын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ал әскери антын бұзуын — ауырлататын мән-жай деп таныды. Соттың шешімімен Бүркіт Қайыркешов Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінің 1), 2), 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеу орны ретінде орташа қауіпсіздік мекемесі белгіленді.

Сот үкімімен айыпталушының қылмыс жасау кезінде қолданған iPhone 14 Pro маркалы телефоны мемлекет меншігіне тәркіленеді. Кіші сержант атағы қалдырылды.  Бүркіт Қайыркешов үкімге шағымдануға тырысты, бірақ әскери сотта оның өтініші қанағаттандырылмады. Сот үкімі күшіне енді.

Тағы бір қызықты мәлімет — наурыз айында бұл істі тергеу жүріп жатқан кезде жүздеген солтүстік қазақстандықтардың шоттары бұғатталған еді.

Петропавлға есірткі тасымалдаған шекарашы 8,5 жылға сотталды
Петропавлға есірткі тасымалдаған шекарашы 8,5 жылға сотталды

«Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде «Kaspi bank» АҚ банктік карт-шоттары бойынша 10 тәулікке дейін шектеу шаралары қабылданды. Тексеру нәтижелері бойынша шектеулер алынып тасталады»,-деп хабарлаған болатын сол кезде  Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Тағы оқыңыз: Петропавлда белсенділер ерекше балалар тәрбиеленетін орталық маңын тазалады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *