Облыс орталығының 59 жастағы тұрғыны телефон алаяқтарының арбауына түсіп, олардың шотына 8 миллион теңге аударған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Белгілі болғандай қала тұрғынының Telegram мессенджеріне құрылымдық күштердің бірінен жеке құрамды тексеретіндігі туралы хабарлама келген. Содан кейін WhatsApp мессенджеріне өзін құрылымдық күштердің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамнан хабарлама келген. Онда 59 жастағы қала тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы және мәселені шешу үшін шотындағы ақшасын көрсетілген шотқа аударуы керек екені айтылған. Нәтижесінде, жәбірленуші депозиттегі ақшасын шешіп Eurasian, Halyk, Home банктерінің терминалдары арқылы қаржыны алаяқтарға аударған.
«Петропавл қаласының полиция басқармасы құрылымдық күштердің қызметкерлері азаматтарға ақша қаражаттарын аударуды және басқа да қаржылық операцияларын жасауды ұсынуға уәкілеттілігі жоқ екенін хабарлайды. Күдікті хабарламалар мен қоңыраулар болған жағдайда, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы, шұғыл түрде полицияға жүгіну керек», — деді облыстық полиция департаментінің мамандары.
Тағы оқыңыз:СҚО-да егіс науқанын қаржыландыруға 62 млрд теңге бөлінген