Петропавлдықтар қала әкімдігі ұйымдастырған ашық есік күнінде жеке мәселелерімен ғана емес, шаһарды абаттандыру, таза сақтау мәселелерін де көтерді. Мысалы Надежда Новичкова көршісімен Мағжан Жұмабаев ескерткіші орналасқан алаңның жағдайын алаңдаулы. Айтуларынша жиі қоқыс шашылып жатады, орындықтар аз әрі сынық екен. Бұл мәселені олар қала әкімінің орынбасары Сергей Мелеховке жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Мағжан Жұмабаев сквері тамаша демалыс орны болатын. Бірақ, кейінгі кездері шашылған қоқыстарды жиі көреміз. Біз күнде таңертең сол жерде серуендейміз. Төрт-ақ орындық бар. Оның кейбірі сынық. Жазда балалар самокат теуіп, ақын ескерткішінің маңындағы плиткаларды сындырды. Біздің ескертулерімізге мән бермейді. Осы демалыс орнына тәртіп керек»,-дейді тұрғындар.
Бұған қоса кей тұрғындар көгалдарда ит-мысықтарын серуендетіп, кейін соңдарынан тазаламай кетеді екен. Қала тұрғындарының мәселесін тыңдаған Сергей Мелехов, бар сұрақты біртіндеп шешуге көшті.
«Университет маңы болғасын жастар, студенттер көп жиналады. Өткінші халық көп. Сондықтан қосымша орындықтар қоямыз. Қоқыс урналарының санын көбейтіп, күнделікті қоқысты тазалап отыратын боламыз»,-деді қала әкімінің орынбасары.
Ит-мысықтарды қыдырту мен қоғамдық тәртіппті бұзу бойынша, құқық қорғау органдарымен бірлесе шешу ұсынылды. Мағжан Жұмабаев ескерткіші алаңында енді патрульдік полиция күзететін болады.
«Алаңда бақылау камералары бар ма, жоқ па білмеймін нақты. Егер болса, ескерткішке зақым келтіру бойынша фактілерді қарау керек. Егер бақылау камералары болмаса, орнатқан жөн. Полиция қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстасын. Тұрғындардың өздері жанашырлық танытып отыр. Абаттандыру, қала тазалағын, қоғамдық тәртіпті орнатуда тұрғындардың қосар үлесі зор»,-деді Сергей Мелехов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бір күннің ішінде тоғыз мас жүргізу анықталып, тоғыз заңсыз қару тәркіленді