53 жастағы әйел алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан айырылды. Ол белгісіз адамдармен телефон арқылы сөйлесіп, айтқандарына көніп отырған, деп жазады Qazaqstan Media.
Қаңтар айында Солтүстік Қазақстан аумағында 33 интернет алаяқтығы тіркелген. Былтыр бұл кезеңде 49 факті болған. Оның 19-ы «банктен хабарласып тұрмын» деген қоңыраудан басталып, соңы ірі көлемде алаяқтарға жем болумен бітеді.
Кейде «домофонды ауыстыру», «емханадағы кезекті нақтылау», «есеп құралдарын тексеру» сынды сылтаумен хабарласатында да бар. Бірақ, бәрінің көздегені бір-SMS арқылы келген кодты білу. Одан кейін алаяқтардың ойынына басқа мүшелері қосылады. Олар адамға хабарласып: «Сіз айтқан кодтың кесірінен атыңызға несие рәсімделді, тіпті үйіңізді сатылымға қойып жіберуі мүмкін» деп қорқытады. Сосын «өзіңізді қорғау үшін» жинаған ақшаңызды банктен шешіп алыңыз, жаңа несие алып «жабамыз» деп алдайды. Тіпті пәтеріңізді тез сатып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударыңыз деп асықтырады.
Дәл осындай жағдайға тап болған 53 жастағы петропавлдық әйел баспанасынан айырылды. Ол ауруханада қарапайым санитар болып еңбек етеді. Қараша мен желтоқсан айы аралығында ол «банк менеджерінің» нұсқауымен алаяқтарға ақша аударып отырған. Пәтерінен айырылды. Жалпы шығын 18 млн теңге. Алданғанын тек қаңтар айында түсінген.
Бұл факт бойынша полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
«SMS арқылы келген төрт таңбалы кодтың өзі біреудің атыңызға несие рәсімдеуіне жеткіліксіз. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ бұл код алаяқтарға жеке деректеріңізге қол жеткізуге жол ашуы мүмкін. Сол ақпарат арқылы олар өзін мемлекеттік орган қызметкері сияқты көрсетіп, сенімге кіреді. Тіпті жалған құжат та жасап жібере алады. Мысалы, адамды пәтерін тез сатуға көндіру үшін WhatsApp арқылы «пәтерді сатып алу-сату шарты» сияқты жалған құжат жіберуі мүмкін», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да дәрігерлер өмір мен өлім арасында болған зейнеткердің құтқарды

