Петропавл тұрғыны синтетикалық есірткі сатқаны үшін жеті жылға сотталды. Полицейлер оны ақпан айында қолға түсірген болатын, деп жазады Qazaqstan Media.
Қара нарық саудагері болып, пайда көрмек болған жігіт есірткі сататын онлацн дүкендердің біріне ораушы болып жұмысқа тұрады. Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны кураторынан нұсқау алып, ірі көлемде жеткізілген есірткіні шағын зип-пакеттерге бөлген. Кейін оларды тапсырыс бергендерге жасырын орындар арқылы таратумен айналысқан.
Ал, ақпан айында ол Петропавл қаласының шетінде қолға түсті. Тінту кезінде оның жалдамалы пәтерінен 200 грамнан астам мефедрон мен α-PvP есірткі заттары табылды. Сонымен қатар тергеу барысында анықталған жасырын қоймадан жарты келіден астам синтетикалық есірткі заты алынды. Бұл — жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген ең ірі есірткі партияларының бірі.
«Сот тергеу нәтижесінде айыпталушыны аса ірі көлемде есірткі заттарын дайындап, сақтап және таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Жеті жылға бас бостандығынан айырды. Жалпы, биылғы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымнан 771 келі түрлі есірткі затын, соның ішінде 4,5 келі синтетикалық есірткіні тәркілеген»,-деп нақтылады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Іздеуде болған «Құлагер» хоккей клубының басшысы ұсталды