Петропавл жастары нашақорлық пен есірткінің белең алуына қарсы. Осы орайда олар түрлі шараларға қатысып, тұрғындар арасында ғасыр індеті туралы, онымен күрес жолдары жайлы ақпарат таратуда, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
2024 жылы облыс полицейлері есірткі қылмысына қатысты 220 фактіні анықтаған. Заңсыз айналымнан 760 кг түрлі есірткі заты тәркіленіпті. Оның жеті килограммы синтетикалық есірткіге жатады. Қазіргі кезде бұл – ғасыр індеті болып отыр. Әсіресе, жастар арасында нашаға тәуелділік басым. Сондықтан Петропавл еріктілері мен есірткіге қарсы күрес басқармасының мамандары тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын үнемі жүргізеді.
«Біз оқушылар, студенттер жиналатын орындарды көп аралаймыз. Оларға есірткі саудасы, заңсыз есірткі айналымы үшін қандай қылмыстық жауапкершілік көзделгенін айтып түсіндіреміз. Рейдтер де жүргіземіз. Студенттерді арнайы сот отырыстарына да қатыстырамыз. Есірткі таратқан сотталғандармен де кездесу ұйымдастырдық. Мұның барлығы жастардың бойын есірткіден аулақ ұстауға септеседі деген сенімдеміз», — деді СҚО ПД басқармасының жедел уәкілі Зарина Попова.
Полицейлер мен еріктілер жыл басынан бері 850 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізген. Оларға бұл істе жастар ресурстық орталығының мамандары көмектесуде. Мәселен, осы жолы олар облыс орталығының көшелерінде үнпарақтар таратты.
«Бұл үнпарақтарда есірткі заттары туралы, оның зияны туралы ақпарат жазылған. Сонымен қатар, есірткі тарату фактілерін білген, не көрген жағдайда хабарласуға болатын телефон номерлері де көрсетілген», — дейді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдин.
Тағы оқыңыз: Петропавлда сүйіктісі мен оның бұрынғы жігітін балтамен ұрып тастаған ер адам 15 жылға сотталды