Петропавлда 66 жастағы зейнеткер екі бірдей пәтерін арзанға сатып, бар ақшасын алаяқтарға ұстатып жіберген. Осылайша, ол 60 млн теңгесінен айырылған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып қалған. Зейнеткерге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған. Ол әйелді біреулер пәтеріңді тартып алмақшы және оларды әшкерелеу үшін тұрғын жайды сату бойынша тезірек «жалған мәміле» рәсімдеу қажет деп көндірген.
«Анамның ақыл-есі дұрыс, адал адам. Күтпеген жерден алаяқтарға алданып қалды. Ақпаннан сәуірге дейін оған алаяқтар қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар оған арнайы операциялар туралы хабарлап, өз мүлкін қорғау қажет дегенді айтып сендірген. Тіпті осы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және оны сот күтіп тұрғанын айтып қорқытқан. Сондай-ақ тергеу құпиясын жария еткені үшін де жауапкершілік бар екенін айтқан. Содан біз көпке дейін ешнәрсе білмедік. Басымыздан осындай оқиға өткеніне әлі күнге дейін сене алмай отырмыз», — дейді жәбірленушінің қызы.
Алаяқтарға сенген қала тұрғыны өзіне тиесілі екі пәтерін бар болғаны 47 млн теңгеге сатып, тағы жинап жүрген 13 млн теңгесін қосып, алаяқтарға беруге 60 млн теңге дайындап қойған. Зейнеткер ақшаның бір бөлігін қылмыскерлер көрсеткен шотқа аударып та үлгерген. Ал қалған 27 миллион теңгені курьерге тапсырып жіберген. Курьер қолма-қол ақшаны Астана қаласына жеткізген. Ақша ары қарай тізбекпен «дропперлер» арқылы шетелге аударылмақ болған. Алайда жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ақша шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Айта кету қажет, жәбірленуші банк чектерін сақтап қалған. Бұл – аударылған сомманы сот арқылы қайтарып алуға мүмкіндік береді.
«Жыл басынан интернет-алаяқтықтың 217 фактісі тіркелді. Киберқылмыскерлер зейнет жасындағы адамдарға қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының және өзге де қызметтердің қызметкерлері ретінде таныстырады. Жүргізіліп жатқан арнайы операциялар туралы хабарлай отырып, «сатып алу-сатудың» жалған мәмілесін жасау арқылы өз мүлкін қорғау қажеттігі туралы сендіреді. Абдыраған зейнеткерлер өз мүлкін сатып, ақшасын алаяқтарға аударады. Зейнет жасындағы туыстарыңызға қаскүнемдердің осы схемасы туралы ескертіңіздер. Кез келген адам киберқылмыскерлердің құрбаны болуы мүмкін», — деп ескертеді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкая.
Тағы оқыңыз: Елімізде ерте пісетін көкөністердің 580 мың тоннасы жиналады