СҚО-да полицейлер биыл 200-ге жуық есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтады. Полицейлер синтетикалық есірткіні сату күдігімен 32 жастағы петропавлдықты қолға түсірді. Қазір оған қатысты сот аяқталып, ол жеті жылға түрмеге қамалды, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлдықты тінту барысында оның тұрғылықты жерінен 48 грамнан астам α-PvP және 23 грамнан астам мефедрон тәркіленді. Сондай-ақ ер адам интернет-дүкеннің «кураторы» көрсеткен орыннан 500 грамнан астам осындай есірткіні алуы тиіс болған. Ол жерден де полицейлер қауіпті заттарды анықтады. Бұл жағдай қылмыстың бастапқы кезеңінде әшкереленген оқиғалардың бірі болды. Күдікті әлеуметтік желілерде қосымша табыс туралы жарнаманы көріп, синтетикалық есірткі таратушы болуға келісім беріпті. Ол арнайы «оқытудан» өткенін айтты. Есірткіні таратқаны үшін ол ақшасын алып үлгермеді. Полицейлердің қолына түсті.

«Сот күдіктіні жеті жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Жалпы сегіз ай ішінде СҚО-да полицейлер 196 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтады, оның 94-і сату дерегі. Заңсыз айналымнан 475 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 4 келіден астамы синтетикалық есірткі»,-деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны отбасының берекесін алғаны үшін 20 сағат қоғамдық жұмыс істейтін болды