Петропавлдықтар Республика күнін кең көлемде атап өтті. Шаһар тұрғындары үшін орталық алаңда тарихи қойылым көрсетіліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еліміз үшін Република күнінің маңызы аса зор. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл 70 жыл бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам еді. 13 жыл бойы аталмыш дата елімізде тойланбай келді. Ал былтыр Республика күні Ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қайта енгізілді. Мейрамды петропавлдықтар да кең көлемде атап өтуде. Алдымен орталық алаңға жиналған шаһар тұрғындары гимнді шырқады. Кейін елімізге белгілі актер Дәулет Әбдіғаппаровтың қатысуымен “Менің Қазақстаным” мерекелік концерті басталды.
“Қызылжарлықтарды ұлттық мейрам — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман болсын. Бірлігіміз жарасып, әрқашан осылай көк туымыз көкте желбірей берсін. Бүгін қызылжарлық қауымның алдында “Керей мен Жәнібек” қойылымын ұсыну үшін арнайы келдім. Тарихи көрініс. Қазақ хандығының құрылу тарихын қазақ театрының әртістерімен бірлесе көрсететін боламыз”, — деді актер Дәулет Әбдіғаппаров.
Тарихи қойылымнан кейін қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға ән мен биден шашу шашты. Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт бүгін күні бойы жалғасатын болады.
“Барлықтарыңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын. Бүгін біздің өнерпаздар қызылжарлық қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өз өнерлерін көрсететін болады. Қызықты бағдарлама әзірленді”, — дейді Петропавл қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәлі Испанов.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан орталық алаңға жиылған тұрғындардың қарасы қалың болды.
“Республика күні құтты болсын. Әрқашан осылай аспанымыз ашық болып, еліміз тыныш болсын. Бірлігі жарасқан көп ұлтты мемлекет болып, әнұранымыз шырқалып жүре берсін”, — деп құттықтады мерекелік концертке келген қала тұрғыны Жанар Сатыбалдиева.