Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесінде енді балаларға арналған электрлі көліктерді жалға беру қызметі болмайды. Кәсіпкер Сергей Калимбет қала әкімі Серік Мұхамедиевпен кездесу барысында не себепті мұндай қызметке рұқсат тек бір ғана кәсіпкерге берілгенін, ал өзгелердің шетте қалғанын сұрады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қала әкімі бұл көшеде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, алдағы уақытта мұндай қызмет түрлеріне тыйым салынатынын түсіндірді. Сауда нүктелері мен түрлі ойын-сауық түрлерін қаланың басты көшесінен тыс аумақтарға көшіру жоспарланып отыр.

«Біз кәсіпкерлерге коммуникациялар тартылған нүктелерді орнатуды келісіп алуды ұсынамыз. Негізгі орын — Шаталов ескерткішінің артындағы аллея. Сонымен қатар Конституция көшесіне қараған аулалары бар үйлердің арасынан да орындар қарастырылуы мүмкін. Адамдар серуендеп жүріп, қажетті заттарын сатып ала алады, алайда көшенің өзі бос әрі ашық күйінде қалады», – деді Серік Мұхамедиев.

Ал балаларға арналған көліктерді жалға беру қызметін саябақ аумағына көшіру көзделіп отыр. Бұған дейін қала әкімі арнайы трасса жасау мүмкіндігін қарастыруды тапсырған. Ол аумақты абаттандырып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге пайдалану жоспарлануда. Бұл ретте айта кету керек, ескі мұсылман зиратының аумағы қозғалмайды. Негізгі орын спорттық аймаққа жақын, «Динамо» стадионы маңында болмақ.

«Қазақстан Конституциясы көшесінен барлық балалар көліктері алынады. Біз қалада тәртіп орнатып, тұрғындар үшін серуендеуге әрі демалуға қолайлы орта жасағымыз келеді», – деп атап өтті қала басшысы.

Осылайша, балаларға арналған қысқы және жазғы ойын-сауық түрлері сақталады, бірақ енді олар арнайы жабдықталған орындарда ұйымдастырылады. Ал қаланың басты көшесі тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы серуен аймағына айналады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да зейнеткер өртте көз жұмды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *