Бүгін Петропавл қаласының орталық алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс» атты театрландырылған бағдарлама ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбырлы күнде алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Бұл — батырларға деген ел құрметінің айқын көрінісі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Таңертеңнен бастап облыс ортаьығында батыр бабаларымызды еске алуға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Мәңгілік алау» мемориалдық кешені мен Жеңіс саябағына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер мен қойылымдар көрсетіліп, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.
Іс-шара барысында қала тұрғындары өздерінің соғысқа қатысқан ата-бабаларын еске алып, әсерлі әндерді тыңдап, көздеріне жас алды. Бұл — Жеңістің оңайлықпен келмегенін, әр отбасының жүрегінде майданның ізі қалғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Жеңістің 80 жылдығымен барлығыңызды құттықтаймын. Келешекте елімізде тыныштық, жақсылық, қуаныш қана болсын. Жастарымыз елдің патриоты болсын», — деді қала тұрғыны.
«Біз ата-бабамыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Менің атам соғысқа қатысқан, бүгінгі күннің мен үшін маңызы зор», — дейді қала тұрғыны.
«Соғыс ардагерлеріне мың алғыс. Олардың ерлігі мәңгі есте қалады», – деп бөлісті қала тұрғындары.

Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы көрмелер мен фотозоналар ұйымдастырылды. Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл іс-шара — өткенге тағзым, болашаққа аманат. Бейбіт күннің қадірін ұғындырып, ұрпаққа үлгі боларлықтай тағылымды тәрбие берді.
Тағы көріңіз: Солтүстік Қазақстанда көкөністер бағасы күрт өскен