Петропавлда «Туған өлке» экологиялық акциясы өтті. Оған 80-ге жуық волонтер қатысып, олар Жеңіс саябағын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Экологиялық акция марафон форматында ұйымдастырылған. Университет және колледж студенттері, волонтерлерден құралған 5 топ белгі беріле салысымен саябақ ішіндегі қоқысты жарыса жинауға кірісті. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараны қыркүйек айына дейін ұйымдастыруға ниетті екен. Жеңіс саябағына жиналған жастар Есіл өзеніне дейінгі аралықты күл-қоқыстан тазартты. Іс-шараның мақсаты, жастарды табиғатты аялауға баулу. Тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты қалыптастыру. Акция соңында әр топтың жинаған қоқысы өлшенеді, жоғары көрсеткішке ие болғандар арнайы сыйлықтарға да ие болады.
«Менің ойымша мұндай тазалық акциясына қатысу әрбір азаматтың өзіндік парызы. Қазіргі кезде экологиялық залал әлемде үлкен проблема болып саналады. Сол себепті біз өзіміз қоршаған ортамызды тазалықта ұстауымыз қажет. Бүгін осы акцияға қатысып отырмын. Табиғатымызды аялау арқылы арнайы сыйлық жеңіп алуға да мүмкіндігіміз бар», — деді студент Әділ Теміров.
Тағы оқыңыз:СҚО ауыз суымен ең аз қамтылған өңірлер қатарында