Күндіз де, түнде де жұмыс тоқтамайтын Петропавл электротехникалық зауыты 2021 жылы ашылды. Биылдың өзінде өндіріс ошағында жалпы құны 13 жарым млрд теңгені құрайтын 6 мың трансформатор шығарылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Кәсіп бастауға 10 млрд теңге инвестиция құйылды. Бағытталған қаржы бүгінде ақталды. Алыс-жақын шет елдермен әріптестік орнатылды. Өңірімізде өндірілген дүниенің қазір 70 пайызы экспортқа жіберіледі, ал қалған 30 пайызы ел ішінде сатылады.
«Зауыттың толық қуатты — 12-13 мың трансформатор. Қазіргі таңда осы зауыттың ішіндегі жабдықтармен 10 мың трансформатор шығаруға мүмкіндік бар», — «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС директоры Ерсұлтан Шамшиев.
Қазіргі таңда зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың тең жартысы — оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы арқылы келген жандар. Солардың қатарында Фархад Алпысбаев та бар. Ол Петропавлға Қызылорда облысынан отбасымен бірге қоныс аударған.
Кәсіпорында еңбек етіп жатқанына 1 жыл болды. Мамандығы — инженер. Трансформатордың негізін жинайтын маманға барлық жағдай жасалған, тіпті компания өзі салған көпқабатты тұрғын үйден баспана беріпті.
«Жұмыс қиын деп айта алмаймын, шамалы жүктеме бар, бірақ ер адамның қолынан бұл жұмыс келеді. Маған осы жерден пәтер берді. Жұмыстың айлығы да жақсы», — деді Фархад Алпысбаев.
Келесі жылы кәсіпорын 1 млрд теңгеден астам сомаға арнайы автоматтандырылған дәнекерлеу машинасын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл зауыт қуаттылығын одан әрі арттырып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына септігін тигізеді.
Тағы оқыңыз: Ақжар ауданындағы «Дәуіт-Талшық» бағытындағы жолды жөндеуге 11 млрд теңге жұмсалады

