Петропавлдық оқушылар кәсіптік бағдар беру аясында Alageum Electric трансформатор шығаратын зауытында болды. 9-шы және 10-шы сыныптың оқушылары үшін кәсіпорынға экскурсияны «Әділдік және өркендеу» ҚҚ облыстық филиалы мен Ауыл партиясының өкілдері ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлдағы Ә. Бөкейхан атындағы №25 орта мектептің оқушылары зауытқа алғаш рет келіп отыр. Кәсіптік бағдар беру аясында көп шаралар мектеп қабырғасында өтеді екен. Бұл жолы олар, жұмысшы мамандардың жұмысын көзбен көріп, облыстағы ірі кәсіпорынның жұмысмен танысты.
«Қазіргі кезде жастар арасында жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттырып, имиджін көтеру керек. Зауыт дегенде көбі қара жұмыс, ауыр жұмыс істеу деп ойлайды. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды таңдамайды. Осы жолы зауытта болып, барлығы автоматты, жұмыс орны таза екеніне көздері жетті. Айлықтары да жақсы, сұраныс бар», — деді Ә. Бөкейхан атындағы №25 орта мектептің мұғалімі Жанар Абдрахманова.
Қазіргі кезде зауытқа 30 маман қажет. Оның ішінде дәнекерлеуші, қырнаушы, кәріз жүйесін жөндейтін мамандар бар.
«Бізге көбіне студенттер келеді, тәжірибеден өтеді. Зауытта әрқашан мамандар қажет. Жалпы өңірде жұмысшылар тапшы. Сондықтан жастар мамандық таңдағанда болашағын ойласа екен деймін», — дейді зауыттың өнідіріс бойынша директоры Бейбіт Ибраев.
Ел президенті 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаннан бері, бұл бағытта облыста нақты істер атқарылып жатыр. Мәселен, колледждерде оқу гранттарының үлесі артып, студенттердің жатақахана мәселесі шешілуде.
Тағы оқыңыз: СҚО-да заңсыз кен өндірісімен айналысты деп айыпталғандардың бірі іздестірілуде