Петропавл қалалық мәслихаттың отырысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жұмысы және болашағы талқыланды. Қолданыстағы полигон қоқысқа толған. Ал жаңа нысанның құрылысы әлі басталмаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мәслихаттың тұрақты комиссиясы ҚТҚ полигонының жағдайын көтерді.  Депутаттардың айтуынша,  қазіргі полигон 99 % толған. Оның пайдалану мерзімі биыл аяқталады, ал жаңа полигон құрылысы әлі күнге дейін басталмаған.

Комиссия полигон жұмысы экологиялық талаптарды бұзып отырғанын атап өтті: қоқыстың жиі өздігінен тұтануы, жағымсыз иістер мен ауаның ластануы. Сондай-ақ топырақ пен жерасты сулары ластануда. Депутаттардың пікірінше, санитариялық жағдай нашарлап барады.

Мәселені қиындататын тағы бір фактор – қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау жүйесінің толықтай болмауы.

«Қалада қайта өңдеуге арналған дамыған инфрақұрылым жоқ. Сонымен бірге, мамандар Петропавл мен облыс аудандарында көп мөлшерде рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтады. Бұл — қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы жүйелі проблеманы көрсетеді», — деп жазды Facebook парақшасында депутат Павел Афанасьев.

Жаңа полигонның  жобасы дайын. Орын да анықталған. Ол Якорь ауылы маңында белгіленген. Бірақ, құрылыс жұмыстары басталмаған. Жобаның сметалық құны — 8,6 млрд теңге. Объектінің әкімшісі кім болары да әлі нақтыланбаған.

Ауылдарда жағдай одан да күрделі. Мұнда заңды  полигондар жоқ. Қалыпты жұмыс үшін кемінде тоғыз жаңа нысан қажет. Бұл Петропавл үшін жеке полигон салуға қосымша қиындықтар туғызады.

Комиссия қала әкімдігіне бірқатар ұсыныстар жасады.

«Қоқыстық коллапстың алдын алу үшін қолданыстағы ҚТҚ полигонының пайдалану мерзімін жаңа полигон салынғанға дейін тағы екі жылға ұзарту процедурасын жақын уақытта аяқтау қажет. Жаңа заманауи полигон салу кезінде сұрыптау және қайта өңдеу кешендерінің болуы міндетті», — делінген хабарламада.

Комиссия мүшелері ескі полигонды 2028 жылдың соңына дейін рекультивациялауды ұсынады. Жоспар бойынша аумаққа ағаштар, бұталар және басқа да өсімдіктер отырғызу көзделген. Бұдан бөлек, «Ақылды қала» бағдарламасы аясында қоқыс алаңдарын бақылау үшін камералар орнату ұсынылады.

Депутаттар экологиялық проблемаларды шешу үшін «Жол картасын» әзірлеуді сұрайды. Құжатқа жаңа полигондар салу, заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес, ең бастысы – тұрғындар мен бизнесті қалдықтарды қайта өңдеуге тарту кіруі тиіс.

Тағы оқыңыз: СҚО әкімі депутаттар алдында есеп берді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *