Петропавлдағы сарқынды су жиналатын биотоған бүгінде айтарлықтай тазарған. Оған жергілікті ғалымдардың тың технологиясы септескен. Қазір бұл тәжірибе Қостанай, Ақтау және Шымкент қалаларында қолданылып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қала шетінде күніне 40 мың текше метрге дейін кәріз сулары құйылатын биотоған бар. Мұның түбіне 4,5 метрге дейін қалдықтар жиналып, көктем шығып, мұз ерігенде ауаға қолқаны қабар иіс тарайды. Осы күкіртсутектің өткір иісін кетіру үшін жергілікті ғалымдар хлорелла жіберді. Бұл — бір жасушалы балдырлар адам мен қоршаған орта үшін су обьектілерін табиғи әрі қауіпсіз биологиялық қалпына келтіру әдісі. Қозыбаев университетінің негізінде ашылған ғылыми-технологиялық су орталығы «Қызылжар су» кәсіпорнымен жобаны үш жыл бірге атқарды. Енді жаңа технология сертификаттаудан өткізілмек.
«Әзірге 21 мекеме тексерісінен өттік. Олар өз ұсыныстарын айтты, зерделеді. Тағы 19 мекеме біздің технологиямызды қарап, өзгерістер енгізеді. Процедураға шамамен бір жыл қажет. Осы уақыт ішінде мамандар онымен танысады. Егер қате немесе дұрыс істелмеген болса қайтадан жаңартуға береді. Біз «Қызылжар Су» ЖШС-мен осы мәселе бойынша 3 жыл көлемінде жұмыс істедік. 2023 жылы келісімшартымыз аяқталды», — дейді «Ғылыми-технологиялық су орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбандт.
Тағы оқыңыз:СҚО полицейлері із-түссіз жоғалған 475 адамды іздеп тапты