Ойын алаңы мен тротуарларды көлік тұрағына айналдыру, жоларда апаттық жағдай тудыру. Петропавлдықтардан «102» қосымшасы арқылы полицияға көбіне осы тектес хабарлама көп түскен, деп жазады Qazaqstan Media.
«102» қосымшасы полиция қызметтерін қолжетімді ететін ыңғайлы мобильдік құрал. Аталмыш қосымша жәбірленушілер мен куәгерлерге құқық бұзушылықтардың фотосын немесе бейнежазбасын қоса отырып, кез келген ыңғайлы түрде тәртіп сақшыларына жүгінуге мүмкіндік береді.
«Қызметкерлер әр сигналды тексереді. Мысалы, өткен жылдың маусым айында КамАЗ жүргізушісі жауапқа тартылды. Ол Рижская көшесіндегі көппәтерлі үйдің ауласындағы ойын алаңына көлігін қойған», — деді СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«102» қосымшасы арқылы келген хабарлама бойынша орталық саябақта машинасын қойған сегіз жүргізушіге қатысты хаттама толтырылды. Қоғамдық орындардағы мас адамдардың мінез-құлқына да шағымданғандар болған. Мысалы, гараж кооперативтерінің бірінде араққа әуес жандар жиналған. Соңдарынан қоқыс татап кеткендерге шағымданып, полицейлерге жүгінгендер бар.
12 айдың ішінде «102» қосымшасы арқылы полицейлер Петропавлдан 287 өтініш қабылдады. Расталған фактілер бойынша 248 әкімшілік хаттама жасалды.
Тағы оқыңыз: Көлік шұңқырға түсіп кеткен: «Қызылжар су» ЖШС-ға айыппұл салынды