Петропавлда 74 жастағы зейнеткердің атына алаяқ iPhone 13 телефонын несиеге ресімдеген. Бұл құйтырқы әрекетке барған дүкенші анықталған. Алайда кінәлі тұлға анықталмады деп тергеуші істі тоқтатқан. Осы және өзге де жауапсыз қалған алаяқтық фактілері туралы облыстық прокуратурада айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Өткен жылы өңірде 1000 алаяқтық фактісі анықталса, полицейлер оның 29-ына қатысты істі ғана іс қозғаған. Қылмыстардың дені облыс орталығында орын алған. Мысалы, 74 жастағы петропавлдық зейнеткер өз атына алаяқтар ресімдеген қымбат телефон үшін несиені әлі төлеп отыр.
«Өтетілеуовтың зейнетақысы 90 мың теңге. Оның атына несие үш жылға ресімделген. Ай сайын 47 мың теңгеден төлеп отыр. Дүкенші Шкребкин iPhone 13 телефонын ресімдеп, қазіргі кезде оны өзі пайдаланып жүр. Тергеуші адам анықталмағандықтан істі тоқтатқан. Осындай жағдай Уәлиханов ауданында да орын алды. Батыс Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан Мақсатовтың алаяқ фактісіне қатысы бар екені толық дәлелденген. Бірақ полицейлер істі адам анықталмады деген сылтаумен тоқтатып тастаған. Бұл жәйт ауданда болған тексеріс кезінде анықталды», — дейді СҚО прокуратурасы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Максим Доровик.
Соңғы іс бойынша облыстық аппараттың араласуынан кейін, тергеуші органның шешімі күшін жойып, іс сотқа жеткен.
Тағы оқыңыз: «СҚО полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысты істерді тергеуге құлықсыз» – прокуратура