Балалық шақ аяқталып, үлкен өмірге қадам басты. Петропавлда ҚР Ұлттық ұлан академиясының 200-ге жуық курсанты ант қабылдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сап түзеген сарбаздар қызметте адал болуға, Отанды абыроймен қорғауға серт берді. Салтанатты шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтің атынан жауынгерлерді құттықтады.
«Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Сондықтан, бұл салада жұмыс істеу үлкен мәртебе болып саналады. Сіздерге Бауыржан Момышұлы атамыздың жолың берсін»,- деді Руслан Әлішев.
Әскер қолбасшылығының атынан болашақ офицерлерді ведомство басшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтады. Ол министрлік тарапынан курсанттарға лайықты оқу және қызмет көрсету жағдайын қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрін жасайтындарын жеткізді.
Бүгінгі таңда мұнда сегіз мамандық бойынша офицерлер даярланады. Он кафедра бар. Оқу орнына магистратураға офицер-тыңдаушыларды да қабылдайды. Бұл академия мәртебесі берілгеннен кейін мүмкін болып отыр.
Жалпы, оқу орны осы уақытқа дейін 4500-ге жуық офицерді дайындап шығарған. Олардың барлығы жұмыспен қамтылған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «TIL FEST» фестивалінің ашылу салтанаты өтті