Петропавлда «Қарасай» стадионы қайта қалпына келтіріліп жатыр. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталған. Ал екінші кезеңге қажетті қаражат құны 1 млрд 500 млн теңгеден асады. Стадион еуропалық талаптарға сай болмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Құрылысқа «Зерттеу СК» ЖШС жауапты. Қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғалы футбол алаңының жамылғысы, жарық жүйесі толық ауыстырылған. Қазіргі уақытта біршама іс тындырылған. Жөндеу жұмыстары барысында әкімшілік корпус ғимаратының аумағын кеңейту де жоспарланған.
«Әкімшілік тұрмыстық корпус өзгереді. Мұндағы ескі 800 шаршы метр аумақты 1300-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Барлығы төрт қабат болады. Киім ауыстыратын бөлме, VIP қабат, және БАҚ қызметкерлеріне арналған арнайы кабиналар орнату қарастырылып жатыр», — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Галеев.
Стадиондағы ғимаратта әйелдер мен ерлерге арналған жуыну, массаж бөлмелері де қарастырылған. Одан бөлек, спортшылармен қонақтарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер болады.
«Екінші кезеңде киім ауыстыратын бөлмелерді жөндеп, орындықтарды ауыстырамыз. Жуынатын бөлмелерді де қайта қалпына келтіреміз. Кейін 400 метірлік жүгіру жолақтары да ауыстырылатын болады. Жабаев көшесінен бастап кіреберіс жол мен стадионнның ауласы тазартылады», — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Стадионды қайта қалпына келтіру жұмыстарын желтоқсан айында аяқтау жоспарланған
Тағы оқыңыз:СҚО-да қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы 1 млн теңге парамен ұсталды