«AMANAT» партиясы СҚОФ мониторингтік тобы Береке шағын ауданындағы әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізді. Мамандар жаңадан ашылған емхана мен балабақшада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік талаптары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
⠀
№2 қалалық емхананың филиалында үш көтергіштің екеуі ғана жұмыс істейді. Ал орталық көтергіш мүлдем істен шыққан, лифт те жарамсыз. Тактильді жолақтар жоқ, тұрғындар үшін Брайль қарпі ғана қолжетімді болып отыр.
Сонымен қатар, мекеменің тек бірінші қабаты ғана жұмыс істейді. Қабылдауды екі педиатр мен бір терапевт жүргізеді.
⠀«Біз үшін жаңа нысандардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде барлық тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы маңызды. Бұл мәселе техникалық жағынан да, кадрлық тұрғыдан да жүйелі сипатқа ие екенін көріп отырмыз», — деді мониторингтік топ мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Ирина Эктова.
2025 жылдың ақпан айында ашылған жаңа балабақшада да мәселелер бар. Мұнда пандус стандарттарға сай емес, борттар мен қол тұтқалар орнатылмаған. Шақыру түймесі жоқ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әжетхана мүлдем қарастырылмаған. Тек орталық кіреберістегі пандус бар, лифт жұмыс істейді.Мониторинг қорытындысы бойынша партия мүшелері анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде басшылыққа ұсыныстар беріп, материалдарды тиісті органдарға шара қабылдау үшін жіберді. Мониторингтік топ ескертулер толық жойылғанға дейін жағдайды бақылауда ұстайтын болады.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері жолда абай болуға шақырады

