Петропавлдағы жылу желілері Ұлттық жоба аясында қала әкімдігінің балансына берілді. Бұл тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғыртуға мемлекеттік қаржыны тікелей тартуға мүмкіндік береді. Қала әкімдігі алдағы уақытта жыл сайын кемінде 18 шақырым жылу желісін  ауыстыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қала әкімінің айтуынша, мұндай бағдарламаға қатысу үшін жылу желілері міндетті түрде мемлекеттік немесе коммуналдық меншікте, не тікелей мемлекеттік бақылауда болуы керек. Сондықтан Петропавл жылу желілерін әкімдік балансына өткізу стратегиялық шешім болған.

«Қолданыстағы тариф жөндеу мен жаңғыртуға қажет нақты қаржыны толық жаппайды. Жылу желілерінің тозуы жыл басында 81,7%-дан асты. Бұл – тәуекелдің қызыл аймағы. 2024–2025 жылғы жылыту маусымында 267 технологиялық бұзушылық тіркелсе, 2025–2026 жылғы маусымда қазірдің өзінде 116 ақау болды», – деді қала әкімі баяндамасында.

Әкімнің сөзінше, мұндай жағдай бір күнде қалыптаспаған. Көп жылдар бойы жүйеде тек апатты учаскелерге жергілікті жөндеу жүргізілген.  Ал ауқымды жаңғырту болмаған. 

Кәсіпорында жылу желілерін толық жаңартуға ақша болмапты. Жыл сайынғы инвестициялық бюджет шамамен 1,5 млрд теңгені құрағанымен, бұл қаржы небәрі 6–7 шақырым желіні жөндеуге ғана жетеді екен. Ал желілердің әрі қарай тозуын тоқтату үшін жыл сайын кемінде 18 шақырым құбыр ауыстырылуы тиіс.

«Іс жүзінде инвестициялық қор арқылы жаңғырту мен жаңа учаскелер салуға бар болғаны 908 млн теңге бағытталды. Қалған қаражат апаттық ағымдағы жөндеуге жұмсалып отырды. Егер тарифті күрт өсірмей, желілерді жаңғыртқымыз келсе, онда МЭКС бағдарламасының мүмкіндігін тікелей пайдалануымыз керек», – деді спикер.

Қала әкімдігі алдағы уақытта жыл сайын кемінде 18 шақырымды ауыстыруды жоспарлап отыр. Ол жалпы желі ұзындығының шамамен 4%-ын құрайды.  Жалпы алғанда 60 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген. Оның құны шамамен 55 млрд теңге. Бұдан бөлек, бір ғана сорғы станциясын қайта жаңарту жобасының бағасы 1,8–2,5 млрд теңге аралығында.

Қазір техникалық бағалау жүргізіліп, желілер толық түгенделген. Ақпанда қала әкімдігі мен «Петропавл жылу желілері» ЖШС екі жылдық жобаларды іске асыруға өтінімді мақұлдаған. Әңгіме жылу магистральдары мен тарату желілерін қайта жаңарту туралы болып отыр. Жалпы сомасы шамамен 12 млрд теңге, оның 5,3 млрд теңгесі 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар, өткен жылы да жүйені кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасқан. 7,8 шақырым жылу желісінде күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, алты ғимарат пен нысан жөнделген. 

«Қабылданып жатқан барлық шешімнің мақсаты біреу – қыста тұрақты жылумен қамтуды қамтамасыз ету. Жүйенің сенімділігін арттыру және тұрғындарды тарифтің шамадан тыс өсуінен қорғау. Басты міндет – Петропавл тұрғындарын сенімді жылумен қамтамасыз етіп, болашақта апаттық өшірулердің алдын алу», – деді қала әкімі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да шортан балығы жаппай қырылуда

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *