Петропавлда «Мамыр жұлдыздары» атты әскери-патриоттық әндер фестивалі ұйымдастырылды. Оған облыс орталығы мен әр ауданнан келген 18 әнші қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
«Мамыр жұлдыздары» әскери-патриоттық әндер фестивалі осыған дейін байқау ретінде ұйымдастырылған болатын. Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай биыл фестиваль болып өткізілді. Оған өңіріміздің 18 әншісі қатысты. Орталық алаңда өткен ән фестивалін Шал ақын аудандық мәдениет үйінің әншісі Дархан Жарасов «Байтақ елім» әнімен ашты.

«Мен конкурс, фестивальдерге жиі қатысамын. Ал, бұл фестивальдің мәні ерекше. Мұнда патриоттық сезімді оятатын, рух беретін әндер орындалады. Әскери-патриоттық тақырыптағы әндер халықты бірлікке, бейбітшілікке,ерлікке шақырады деп ойлаймын», — дейді Дархан Жарасов.
Фестивальде тек патриоттық әндер ғана емес, сұрапыл соғыс жылдары майдан даласында туындаған шығармалар да орындалды. Оның ішінде жеңіс жауынгерлеріне, олардың туған жерге деген сағынышы мен ерліктері жайлы туындылар орындалды.

«Мен былтыр да осы фестивальге қатысқан болатынмын. Соғыс жылдарындағы әндерді орындау қиын. Себебі, сол кездегі қорқынышты сәттерде адамдардың жай-күйін әнмен жеткізу керекпіз. Мен, соғыс енді қайталанбасын деп тілеймін. Батырларымызды, жігіттерімізді мерекемен құттықтаймын», — деді фестивальге қатысушы Елена Меркель.
Фестивальде 18 қатысушы әндерді түрлі жанрда орындады. Бірақ, тақырып бір — туған жер, Отан ана, жеңіске жеткен майдангер, бейбіт өмір. Және әрине соғыс даласындағы сарбазды сағынған ана мен туған жерін сағынған солдат. Бейбітшілік пен азаттықты, ерлік пен елдікті жырлайтын ән кеші петропавлдықтар мен қала қонақтарының көңілінен шықты.

Тағы оқыңыз: СҚО-да Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды