Петропавлға Қарағанды облысынан үш жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізілді. 40 тонна жүктің ішінде зардап шегушілерге қажетті заттардың барлығы бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі уақытта өңіріміздегі қиын жағдайға ешкім бей-жай қарап жатқан жоқ. Облысқа елдің түпкір-түпкірінен гуманитарлық көмек жеткізілуде. Бүгін Қарағанды облысының кәсіпкерлері, мәслихат депутаттары мен ЖОО бірлесе солтүстікқазақстандықтарға қазіргі уақытта аса керек заттарды жіберген. Оның ішінде 10 тонна картоп та бар.
«Қарағанды облысы су апаты басталғалы бері шетте қалған емес. Барлығы қолдан келгенше көмек көрсетуде. Жалпы осы СҚО-нан алдын ала тізім алып, қажетті заттарды жинақтаған болатынбыз. Көмектің басым бөлігі — таза ауыз су. Бұдан бөлек, жылы киімдер мен резеңке етіктер, құрал-жабдықтар, және азық-түлік жеткізілді», — деді Аmanat партиясы Қарағанды облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шаменов.
Петропавлда қазір су басқан аудандарда арнайы үш гуманитарлық көмек таратылатын орын ашылған. Ол жерде волонтерлер мен қоғамдық штаб өкілдері және сол аудан тұрғындары зардап шегушілерге қажетті заттарын таратып береді. Бұл елдің түпкір-түпкірінен келген гуманитарлық көмек қолды болмау мақсатында жасалған. Қазіргі уақытта облыс орталығында тасқын судан зардап шеккен үш мыңнан астам адам гуманитарлық көмек алған.
Тағы оқыңыз:Тасқын судан зардап шеккен 500 тұрғынға психологтың көмегі керек болған