«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Петропавлда «Шырша жануарларға көмектеседі» акциясы өткізіледі. Шара 20 қаңтарда ұйымдастырылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
20 қаңтар күні Петропавлда жаңа жылдық шыршаларды жаппай шығару шарасы ұйымдастырылады. Осыған байланысты қалалық әкімдік өкілдері тұрғындарға үндеу жасады. Олар жаңа жылдық әшекейлерді алдын ала тазартып, ағашты қоқыс контейнерлерінің жанына қоюды сұрайды.
Барлығы жиналғаннан кейін коммуналдық қызметтер шыршаларды жануарларға жем ретінде пайдалану үшін «Қызылжар» орман шаруашылығы мен «Теплов» орманшылығына жеткізеді. Сондай-ақ тұрғындар шыршаларын көрсетілген мекенжайларға өздері де жеткізе алады.
«Тұрғындардан белгіленген мерзімдерді ескеруді сұраймыз. 20 қаңтардан кейін абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады», — делінген Петропавл қалалық әкімдігінің «Instagram» парақшасында.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ірі габаритті қоқыс шығару бойынша арнайы қызмет көрсетілмейді

